Қантүзілу
Қантүзілу немесе гемопоэз — қан жасушаларының түзілу, даму және толық пісіп жетілу процесі, яғни қан жасушаларының адам мен жануарлар организмінде белгілі бір қызмет атқаруға маманданған жасушаларға айналғанға дейін, көпсатылы дамудан өтетін күрделі процес. Омыртқасыз жануарларда қантүзу мүшелерінің жетілмеуіне байланысты қантүзілу негізінен қуыстық сұйықта және қанның өзінде, ал адам мен омыртқалы жануарларда бұл процесс қан жасау мүшелерінде жүреді. Қан тірі ұлпа ретінде ұрықтық кезеңде дамып жетіледі. Ал іштегі төл (нәресте) туғаннан соң, қанда негізінен физиологиялық қалпына келу процесі жүреді. Осыған байланысты қантүзілудің екі түрі ажыратылады. Олар: ұрықтық және туғаннан кейінгі қантүзілу.
Ұрықтық қантүзілу
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Ұрықтық қантүзілу — қанның ұлпа ретіндегі даму және қалыптасу процесі. Қан мен қан тамырлары ұрықтың алғашқы даму сатысында ұрық организмінен тыс, сарыуыз қапшығының қабырғасында мезенхимадан қан аралшықтары ретінде қалыптасып дамиды. Аралшықтардың орталығында орналасқан мезенхима жасушалары дөңгеленіп, қан жасушаларының діңгекті клеткаларына айналады. Ал аралшықтардың шеткі жағындағы мезенхима жасушалары жалпақтанып бір-бірімен байланыса жалғасып, алғашқы қан тамырларының эндотелий қабаттарын түзеді. Қан тамырлары қуысындағы біріншілік қан жасушалары қатарларынан, өздерінің цитоплазмасында гемоглобин жинақтаған жасушалардан — біріншілік эритробласттар жетіледі. Олардың біраз бөлігі мөлшері әртүрлі ядролы және ядросыз ірі біріншілік эритроциттерге (мегалобласттар мен мегалоциттерге) айналады. Бұл процесті мегалобласттық қантүзілу деп атайды. Мегалобласттық қантүзілу адам мен жануарлардың эмбриондық кезеңіне тән процесс. Ал қалған біріншілік эритробласттардан ұзақ даму процесінің нәтижесінде есейген адамдар мен жануарлар эритроциттеріне ұқсас екіншілік эритроциттер түзіледі. Сарыуыз қапшығы қан тамырларының сыртқы жағындағы мезенхима клеткаларынан қалыптасқан біріншілік қан жасушаларынан дәншелі лейкоциттердің (гранулоциттердің) діңгекті жасушалары дамиды. Бұл процесс миелопоэз деп аталады. Бұдан кейінгі кезендерде сарыуыз қапшығы қабырғасында қалыптасқан діңгекті қан жасушалары қанның ағысымен ұрықтың қан жасау мүшелеріне барып қоныстанып орналасады да, ұрық организміндегі қантүзілу процесінің бастамасын жасайды. Ұрық организміндегі алғашқы қан жасушаларының түзілу процесі бауырда жүреді. Іштөлінің (іштегі нәрестенің) туу мерзіміне қарай бауырдағы қантүзілу процесі тоқтап, қанның түзілу процесі сүйектің қызыл кемігі майына ауысады. Қанның діңгекті жасушаларынан тимуста Т-лимфациттер жетіліп, одан соң көкбауыр мен лимфа түйіндерінде көбейіп маманданады. Эритроциттердің, гранулациттердің, қан табақшаларының түзілу процестері сүйектің қызыл кемігі майында, ал В-лимфоциттердің бастама жасушалары алдымен сүйектің қызьш кемігі майында түзіліп, онан соң жетілу, көбею, мамандану процестері көкбауыр мен лимфа түйіндерінде жүреді.
Туғаннан кейінгі қантүзілу
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Туғаннан кейінгі қантүзілу процесі сүйектің қызыл кемік майының миелоидты(гр. myelos ми, жілік майы) және тимустың, көкбауырдың, лимфа түйіндері мен лимфа түйін- шіктерінің лимфоидты ұлпаларында жүреді. Туғаннан кейінгі кезеңінде қан жасушалары эмбриондық кезеңде ұрықтың қан жасау мүшелеріне келіп қоныстанған қанның діңгекті жасушаларынан дамиды. Діңгекті жасушалар - барлық қан жасушаларына ортақ, олардың бастама ізашар жасушалары. Олар құрылысы мен мөлшері жағынан кіші лимфоциттерге ұқсас. Адам мен жануарлар организмдерінде діңгекті жасушалар сан жағынан әр уақытта салыстырмалы тұрақты деңгейде болады. Олар митоздық бөліну арқылы өздігінен қалпына келу қасиеттерімен ерекшеленеді. Діңгекті жасушалардан қанның қандай жасушаларының дамып жетілуі керек екендігін, оларды қоршаған қан жасау мүшелері стромасының микроорталары анықтайды. Сүйектің қызыл кемігі майы мен көкбауырда аталған микроортаны ретикулалы ұлпаның түрлі жасушалары, ал тимус пен фабриций қапшығында олардың стромасын түзетін торлы эпителий жасушалары құрайды.[1]
Дереккөздер
[өңдеу | қайнарын өңдеу]- ↑ Биоморфология терминдерінің түсіндірме сөздігі / — Алматы: «Сөздік-Словарь», 2009 жыл. ISBN 9965-822-54-9
Бұл — мақаланың бастамасы. Бұл мақаланы толықтырып, дамыту арқылы, Уикипедияға көмектесе аласыз. Бұл ескертуді дәлдеп ауыстыру қажет. |
|