Нәсілшілдік

Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет
Навигацияға өту Іздеуге өту
АҚШ-тың Оклахома қаласында «түрлі-түсті адамдарға» белгіленген ауыз субұрқақтан ішетін афроамерикандық адам, 1939
Еуропоид, Моңғолоид, Негроид нәсілдер қап жарысында
«Маған барлық ұятшылар бірдей» (Эрнест Хоган, АҚШ, 1896)

Нәсілшілдік – қоғамдағы әлеуметтік теңсіздікті адамның биологиялық сипатымен негіздеуге тырысатын ғылымға қайшы теория. Кең мағынада Нәсілшілдік – тарихи процеске, жалпы өмірдегі және қоғам дамуындағы оқиғалар мен құбылыстардың барлығына адамдардың биологиялық нәсіл ерекшеліктері себеп болады деп санайтын тұжырымдамалар жиынтығы. Нәсілшілдік адам нәсілдері биологиялық және психологиялық жағынан тең емес, сондықтан нәсілдердің бірі “төмен” (бағынышты), екіншілері “жоғары” (үстем) деп дәлелдейді. Нәсілшілдіктің салдарынан елде қайсыбір топтың немесе топтардың үстем топтан антропологиялық және нәсілдік айырмашылықтары негізінде кемсітушілік жайттары орын алады. Нәсілшілдіктің белгілері ежелгі заманнан мәлім. Құлдық қоғамда Нәсілшілдік идеясын ұстанушылар мырзалар мен құлдарды адамдардың әр түрлі “тұқымына” жатқызып, табиғат біреуіне билікті, екіншісіне бас ию міндетін жүктеген деп қарады. Отаршылдық дәуірінің бас кезінде (16 – 17 ғасырлар) адамдар нәсілінің теңсіздігі жөніндегі “теория” қалыптасты. 19 ғасырдың аяғы – 20 ғасырдың басында нәсілшілдер “герман” нәсілінің дүние жүзі халықтарынан “артықтығы” жөніндегі (француз социологі А.Гобино) теорияны басшылыққа алды. 1930 – 40 жылдары герман фашизмі Вольтманның, Аммонның, т.б. антропосоциологиялық және социал-дарвинистік теорияларын ресми идеология деңгейіне көтерді. 2-дүниежүзілік соғыс кезінде фашизм Нәсілшілдікті негізге алып, өз елі мен жаулап алған жерлерде қырып-жою саясатын жүргізді. Соғыстан кейінгі жылдары Нәсілшілдік Оңтүстік Африка Республикасында жергілікті қара нәсілге қарсы апартеид идеологиясынан көрінді. Қазіргі кезде адамзат нәсілінің бәрі біртұтас биологиялық түрден тұратындығы, жалпы бір тектен шыққандығы және эволюциялық дамудың белгілі бір дәрежесінде екендігі ғылыми дәлелденген. Нәсілдік ерекшеліктері (тері түсі, шаш пошымы, т.б.) адамдардың тек сыртқы айырмашылықтарын көрсетеді, олардың мәдени дамуына ешқандай қатысы жоқ. [1]

Сілтемелер

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

[2]

Дереккөздер

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
  1. Қазақ энциклопедиясы, 7 том
  2. Саяси түсіндірме сөздік. – Алматы, 2007. ISBN 9965-32-491-3